Ресейде әлеуметтік желілерде кәмелетке толмағандарды жаппай наразылық шараларына шақырып, ақпарат таратқандарға айыппұл салынбақ
Мәскеуде оппозиционер Алексей Навальныйдың жақын серіктестері- Жемқорлықпен күрес қорының (ЖКҚ) заңгері Любовь Соболь, ЖКҚ қызметкері Георгий Албуров, саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш ұсталды, деп хабарлайды Politic.kz «Коммерсант»-қа сілтеме жасап.
Кира Ярмыш үйінде ұсталды. Ол қорғаушысы келгенше полицейлерге есік ашудан бас тартқан.
«Олар менімен танысуға келгендерін айтты. Шамамен күндізгі сағат 12-лерде. Жарты сағаттан кейін есігімнің алдына келіп, алдын ала ескерту жасайтынын жеткізді. Оны тыңдаудан бас тарттым. Содан соң полиция мені күтті...», – деді ол «Дождь» каналына берген сұхбатында.
Ярмыш Алексей Навальныйды қамауға алуға қарсылық білдіретін, 23 қаңтарда өтуі тиіс рұқсат етілмеген акцияға қатыса алмауы мүмкін екенін айтты.
«Күмәнданып отырмын («Ъ» акциясына қатысатыныма), біздің ішімізден ешкім бармасын деп бәрін қамап жатыр... сондықтан тағы айтамын: бұл акцияға бәріміз міндетті түрде келуіміз керек», – деді Алексей Навальныйдың баспасөз хатшысы.
Ал Георгий Албуров Ленинград вокзалында ұсталды. Кейін ол Twitter желісінде Красносельский ауданы бойынша ішкі істер бөлімінде екенін жазды.
Сондай-ақ полиция 21 қаңтарда заңгер Любовь Соболді ұстады. ЖКҚ-ның тағы бір заңгері Владлен Лоске Ресейден 25 қаңтарға дейін кетіп, 2023 жылдың 27 қарашасына дейін елге кіруге тыйым салынғаны туралы хабарлама алған.
Басылымның мәліметінше, полиция Алексей Навальныйдың елдің басқа аймақтарындағы штабтарының қызметкерлерін де ұстап жатыр.
Сонымен қатар Ресейде TikTok, YouTube, «ВКонтакте», Facebook, Twitter және Instagram желісінде кәмелетке толмағандарды жаппай наразылық шараларына шақырып, ақпарат таратқандарға айыппұл салынатыны хабарланды, деп жазады РИА Новости. Мұндай хабарлама таратқан сайт немесе ақпарат ресурсының иелеріне 800 мың мен 4 миллион рубль аралығында дейін айыппұл салынады.