Нұр-Сұлтанда 4 жүкті әйел коронавирустық пневмониядан көз жұмды

12.11.2020, 04:13

Бұдан бөлек, тағы бір жүкті әйелдің кенеттен болған коронарлық өлімі тіркелді

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, елордада төрт жүкті әйел коронавирустың құрбаны болған. Тимур Мұратов қалада ана мен бала өлімінің бес жағдайы тіркелгенін айтты. 

«Бізде қайтыс болған бес әйел бар. Тек бір жағдайы кенеттен болған коронарлық өлім болса, қалған жағдайларда өлімнің себебі коронавирустық пневмониядан болды. Өкінішке қарай, оларды құтқару мүмкін болмады», - деді ол.

Тимур Мұратов соңғы жылдардағы нәресте өлімінің көрсеткішін көші-қон жағдайларымен түсіндірді.

«Көп адам сапалы медициналық көмек аламын деген үмітпен елордаға келеді. Кей балалар бастапқыда жатырішілік даму кезеңінде әртүрлі ақаулармен ауырады. Жергілікті жердегі дәрігерлерге сенбейді, сондықтан ұлттық кардиохирургиялық орталыққа, нейрохирургиялық орталыққа және ана мен бала орталығында қаралады. Нұр-Сұлтанда қандай да бір медициналық көмек алу үшін олар қалалық емханаларға тіркеледі, ал біз олардан бас тарта алмаймыз. Қиын туған немесе алғашқы айларда шетінеп кеткен балалар біздің статистикаға қосылады», - деп түсіндірді Мұратов.