Бүгінге дейін елде 458 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған
Коронавирустың ушығуына байланысты Израиль билігі елде екі апталық карантин енгізуді жөн санады. Жаңа шектеулер 8 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі The Times of Israel басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Израильде қазіргі уақытта вакцинация науқаны жүріп жатыр. Бүгінге дейін 1,5 миллион адам, оның ішінде 60 жастан асқандардың шамамен 55 %-ы екпе алған. Бірақ бұл шаралар ел ішінде СOVID-19 таралуын азайтқан жоқ.
Премьер-министр Беньямин Нетаньяху екі апталық локдаунды індеттің таралуын болдырмауға бағытталған соңғы әрекет деп атады.
«Біз «британиялық» мутациямен бірге рекордтық жылдамдықпен таралып жатқан жаһандық індеттің эпицентрінде тұрмыз. Ол Израильге жетіп, көптеген адамның өмірін қиды. Сарапшылардың пікірінше, біз қауіпсіздікті сақтау үшін дереу шектеу шараларын енгізуіміз керек», – деп жазды ол Twitter-де.
Айта кетейік, локдаун кезінде Израиль тұрғындарына себепсіз үйден шығуға болмайды. Елдегі кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Дәмханалар мен мейрамханаларда жеткізу қызметі ғана жұмыс істейді. Отбасылық шаралар мен жиындарға тыйым салынады.
Айта кетерлігі, бүгінге дейін Израильде 458 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. 3,5 мыңға жуық адам індеттен көз жұмды.