Екі ел президентінің әңгімесі АҚШ президентінің бастамасымен болған
26 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Джозеф Байден телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Politic Кремль баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Путин Байденді АҚШ президенті ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтады. Ол Ресей мен АҚШ арасындағы қатынасты қалыпқа келтіру қос елдің де мүддесіне сай келетінін атап өтті.
«Екі ел президенті стратегиялық шабуыл қару-жарақтары туралы шартты ұзарту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізу мақсатында бүгін дипломатиялық ноталар алмасуға ризашылығын білдірді. Жақын күндері екі тарап зымыран-ядролық арсеналдарды өзара шектеудің маңызды халықаралық-құқықтық тетігінің одан әрі жалғасуын қамтамасыз ететін барлық қажетті рәсімдерді аяқтайды.
Қос президент екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Жалпы, Ресей мен АҚШ басшылары ашық және іскерлік әңгіме жүргізді. Екі ел қатынастарын қолдау туралы келісілді»,-деп хабарлайды Ресей президентінің баспасөз қызметі.
Тараптар СНВ-3 стратегиялық шартының мерзімін ұзартуды және екі ел қарым-қатынасындағы проблемаларды да талқылады.
Ақ үй өкілі Джен Псакидің айтуынша, екі ел президентінің әңгімесі Байденнің бастамасымен болған.
Айта кетейік, Байден мемлекет басшысы қызметіне кіріскелі алғаш болып телефон арқылы Ресей басшылығымен сөйлесті.