Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!
Сенат төрағасы Алматы тұрғындарын референдумға қатысуға шақырды
Халықтық штаб референдумның міндеттерін және осы салада туындайтын басқа да мәселелердің маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері бүгін Алматы қаласында ғалымдармен, ЖОО оқытушыларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Штаб құрамында депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері бар. Кездесулерде АЭС салуға қатысты референдум аясындағы мәселелер талқыланды.
Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің жас ғалымдарымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесуде сарапшылар мен Штаб мүшелері ғылымның мүмкіндіктерін арттыру және өндіріске инновацияларды кеңінен енгізу үшін тиімді жағдай жасау негізгі мәніне назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанда көміртегі қалдықтарын азайту бағытындағы жұмысты одан әрі жандандырудың маңызды екені сөз болды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өтеді. Осыған байланысты Халықтық штаб референдумның міндеттерін және осы салада туындайтын басқа да мәселелердің маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде еліміз көмірқышқыл газының жан басына шаққандағы шығарындылары бойынша әлемде алдынғы орындардың бірін алады. Еуропалық Одақ елдерінде 2026 жылдан бастап көміртегі салығы енгізіледі. Басқа елдерден тауарлар импорттаған кезде көмірқышқыл газының шығарындылары үшін қосымша елеулі алымдар алынады. Бұл біздің экспорттаушылар үшін қиындықтар туғызатыны анық. Сондықтан экономикамызда көміртегі қалдығын азайтып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Штаб мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Сенат Төрағасы 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдум елдің дамуы жолында айрықша маңызға ие екеніне баса мән берді.