Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!
Сыбайлас жемқорлықпен күресте ақпараттық ағартушылық жұмыстың маңыздылығы
Ағартушылық, түсіндірме, насихат жұмыстары мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындарда, квазимемлекеттік секторда кеңінен жүргізіліп келеді
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар: оқушылар, студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, сарапшылар, еріктілер және басқалар белсенді түрде тартылуда.
Негізгі бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды ағарту, оның кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік түсініктерін қалыптастыру, қоғаммен әріптестік моделін құру арқылы қоғамдық бақылауды күшейту, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету және парасаттылық идеологиясын насихаттау.
Ағартушылық, түсіндірме, насихат жұмыстары балабақша – мектеп – жоғарғы оқу орнында, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда, сауда орындары мен жеке кәсіпорындарда, квазимемлекеттік секторда кеңінен жүргізіліп келеді.
Өткен жылы Елорда мен барлық өңірдің жоғары сынып оқушылары мен орта арнаулы оқу орындары – колледж студентерімен «Адалдық, парасаттылық қағидаттары» тақырыбында семинарлар мен мастер класстар және сол оқу орындарының ұстаздарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастамалары мен Адалдық алаң жұмысы нәтижелері» туралы дәрістер өткіздік. Жалпы аудитория ауқымы 40 мыңнан астам адам болды.
Өңір жастары мен педагогтарына Елорданың спикерлері мен департамент мамандарымен өткізген кездесулер, ашық ой алмасулар өте маңызды, себебі, олар – ертеңгі күнгі Елорда тұрғыны, студенті, әрі маманы.
Барлық кездесуде адалдық, парасаттылық қағидаттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастамалары мен Адалдық алаңы жұмысы нәтижелері туралы ақпарат айтылып, тұрғындармен, ұжымдармен кері байланыс орнатылып, ұсыныстар мен шағымдар, наразылықтары мен өтініштері қабылданады. Осы кездесулер арқылы біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іске асырып жатырмыз.
Кезедсулер нәтижесінде, өкінішке қарай, «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық іс жүзінде көптеген салада сақталып отырғанын, сыбайлас жемқорлық тұрғысынан сезімтал органдар мен мекемелердің тізбесі жылдан-жылға іс жүзінде өзгермей тұрғанын байқаймыз (мемлекеттік емханалар мен ауруханалар, полиция, жер қатынастары басқармалары, ХҚКО-лар, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары).
Оның негізгі себептері қатарында: әкімшілік кедергілер, екі мағыналы нормалар, мемлекеттік органдардың жеткіліксіз ашықтығы, баламалы (қағаз) негізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, цифрлық шешімдердің бір бөлігі сапасыз және жартылай іске асырылуы, мемлекеттік қызметтердегі техникалық іркілістер, артық процестер және ақпараттық жүйелердің жұмысындағы басқа да кемшіліктер. Осы мәселелердің барлығы, азаматтардың өз мәселелерін шешудің заңсыз жолдарын іздеуге мәжбүрлеуде.
Осы ретте:
- 1) Ақпараттық ағарту іс-шараларын жиілігін арттырып, жүйелеу, сол арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру;
- 2) Насихат жұмыстарын жүргізетін азаматтарды арнайы оқу бағдарламалары арқылы оқыту;
- 3) Алдыңғы қатарлы шетелдік үлгілерді, шетелдік спикерлер арқылы онлайн форматында таныстыру;
- 4) Тоқсан сайын мүдделі тараптармен алқалық талқылау отырыстарын өткізу. Жинақталған ұсыныстар, өтініштер мен шағымдар бойынша қорытынды шешімдер жасау қажет.
Қорытындылай келе, ақпараттық насихат жұмысында жүйелелік/жиілік/табандылық принциптері өте маңызды. Әлеуметтік желі арқылы жеңіл жүріс, бейәдеп сөз, сауатты еңбексіз баю, жауапсыз өмір салты ұстанымдары кең және тез насихатталып, санаға сіңіп отыр. Түрлі теріс ақпарат көп, әрі беталды таралып, сұрыпталмай қабылданып жатыр. Халыққа маңызды әрі құнды ақпарат өз деңгейінде жетпей тұр. Өз ісі мен сөзіне адал азаматтар ортамызда көп. Олар арқылы, біздер әрбір ортада Парасаттылық, Адалдық, Әділдік, Сенім, Мейірімділік, Жанаршылық принциптерін жайып, үгіттеп, насихаттап, Қоғамымыздың таза, адал әрі парасатты болуды ортақ мүддемізге, негізгі идеологиямызға айналдыпруымыз тиіс!
Шыңғысхан ҚОЖАХМЕТОВ, «AMANAT» партиясы «Бірлік» филиалы атқарушы хатшысы, Сыбайлас жемқорлықпен күрес Агенттігінің Нұр-Сұлтан қалалық Департаментінің ақпараттық ағартушылық тобы мүшесі