Новости
Kazakhstan Politic

Астанада президент сайлауына белсене атсалысқан Тоқаевтың жақтастары марапатталды

Салтанатты рәсімге Астана қалалық мәслихат депутаттары, партия мен қоғам белсенділері қатысты

Бүгін «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының ғимаратында ҚР Президентін сайлау науқанында үгіт-насихат жұмыстарына белсене ат салысқаны үшін қалалық қоғамдық штаб мүшелері марапатталды. 

Қоғам белсенділеріне сайлау науқанына дайындық және оны өткізу жұмыстарына қосқан елеулі үлестері үшін ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың атынан алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты рәсімге Астана қалалық мәслихат депутаттары, партия мен қоғам белсенділері қатысты.

«Әділетті Қазақстан құру үшін Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасын халыққа түсіндіру жұмыстарына қалалық қоғамдық штаб өкілдері белсене атсалысты. Осыған орай, бүгін штаб өкілдеріне сайлау науқанын өткізу жұмыстарына қосқан үлестері үшін ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың алғыс хаттарын табыстау үстіндеміз. Марапат иелерін құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Әрі қарайда биік белестерді бірге бағындырайық!»,- деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Берік Жәкенов.

«Бүгін «AMANAT» партиясының қалалық филиалында салтанатты түрде партияның атқарушы хатшысы Берік Жәкенов ҚР Президенттігіне кандидат Қ.К.Тоқаевтың сенімді өкілдеріне сайлау науқаны аясында белсенді жұмыс атқарғаны үшін алғыс хаттармен марапаттады.

«AMANAT» партиясының басшылығына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді өкілі және қалалық қоғамдық штабтың мүшесі болуға сенім білдіргені үшін, сондай-ақ қоғамдық қызметіме жоғары баға бергені үшін шын жүректен алғыс айтамын! Алда жаңа саяси маусым, жаңа міндеттер тұр. Біз Әділ Қазақстанды құрамыз!», - деді Астана қалалық мәслихат депутаты, Тұран-Астана Университетінің ректоры Гүлжамал Жапарова.

Естеріңізге сала кетейік, үгіт-насихат науқаны кезінде Қ.К.Тоқаевтың жақтастары 42 қала мен 5000-нан астам ауылды аралады. Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат іс-шарасына 3 миллион сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналды.