Срочная новость Изъятые банком Аблязова земли вернули кордайцам

Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алған қазақстандықтар табыс салығын төлемейді

Сенат зейнетақы жинағын қолданған кезде төленетін салықты кейінге шегеру бойынша түзетуді қабылдады

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алған қазақстандықтар табыс салығын төлемейді

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі жолдауында қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін пайдалануға қатысты тапсырма берді. Алайда, қолданыстағы заң аясында жинақтаушы алынған соманың салығын төлеуге міндеттеледі. Сондықтан сенаторлар бұл төлемді кейінге шегеруді және бірнеше жылға бөліп төлеуді ұсынды.

«Қазіргідей қиын жағдайды бұл өте тиімді шешім. Алайда салық салу тұрғысынан бірқатар сұрақ туындады. Егер де азамат өзінің зейнетақы қорынан ақшасының белгілі бір бөлігін алатын болса, онда қолданыстағы заң аясында оның алған сомасынан 10 пайыз салық ұсталынады. Осы орайда Сенат депутаттары зейнетақы қорынан алынатын соманың салығын төлеуді кейінге шегеруді ұсынады. Яғни салық бірден төленбейді. Оны азамат зейнет жасына жеткенннен кейін 16 жыл бойына бөліп төлегені дұрыс деп ойлаймыз», - деді сенатор Ольга Булавкина.

Яғни, зейнетақы жинағындағы қаржыны келесі жылдан бастап алуға болады. Ал оған тиісті салық тек зейнетке шыққан кезде ғана төленеді. Сондай-ақ, төлемді бірден жасамай, 16 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.

«Зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бір реттік салық ретінде төлеу керек. Оны қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар үшін тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан аталған салықты зейнетақы жинағын алған кезде емес, тек зейнетке шыққан соң ғана төлеу ұсынылып отыр. Оның өзінде, бәрін бірден аудармай, заң жобасына 16 жылдың ішінде бөліп төлеу туралы норма енгізілді», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлардың бұл ұсынысына қатысты Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жауап берді.

«Зейнетақы қорынан тұрғын үй алу, емделу сияқты мақсатта алынатын соманың құны аз болмайтыны анық. Оның үстіне қаражат бір мезетте алынады. Тиісінше, салық көлемі де көп болады. Бұл жинақтаушыға салмақ түсіруі мүмкін. Біз оған жол бермейміз. Сенат депутаттарының бұл ұсынысын Үкімет те қолдады. Осылайша, зейнетақы қорынан алынатын сомаға салық салынбайды. Ол тек алдағы уақытта орындалатын болады», - деді Руслан Дәленов.

Ал азаматтығын ауыстырғысы келгендер зейнетақы жинағынан ақша алғаны немесе оның бір бөлігін пайдаланғаны үшін төленетін салықты бірден және толық өтеуге міндетті. Осы ретте салық БЖЗҚ шотында қалған зейнетақы жинағынан ұсталатынын атап өткен жөн.